Қоғам

Шымкентте қоқыс контейнерінен әйелдің мәйіті табылды – куәгерлер көргенін айтты

© AFP 2024 / ALEJANDRO PAGNIМусорный контейнер, архивное фото
Мусорный контейнер, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.02.2022
Жазылу
Олар қылмысты пәтерді жалға алғандар жасауы мүмкін деп ойлайды
НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Шымкент қаласында қоқыс контейнерінен табылған мәйітке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Мәйітті контейнердің жанынан өтіп бара жатқан тұрғындардың біреуі көрген.
Мәйіт көрпеге оралып, үлкен ала сөмкеге салынған.
Денесінің үстіңгі жағында киімі болған жоқ дейді куәгерлер. Оның қоқыс жәшігінде жатқанын алғаш болып сүт сатушы әйел көріпті, деп хабарлады Astana TV.
Куәгер Ирсай Жұманованың айтуынша, пакеттің үстінде нан тұрған.
"Мен малға деп алдым нанды. Сол кезде біреудің жалаңаш арқасын көріп қалдым. Қорқып кеттім. Нанды алдым да, жүгіріп таксишілерге бардым. Біздер оны алғашында бала деп ойладық", - дейді Жұманова.
Ал Юлия Зайкина мәйітті қалай шығарғанын көрген.
"Дәріханаға бара жатыр едім, полицейлер контейнерден мәйітті шығарып жатты. Жасы 35-40 шамасындағы әйел адам екен. Беті қатты соққыдан ба, қанталап кеткен. Аяқ киімі жоқ болды. Таза жамылғыға оралыпты, жастығы да тап-таза, тек жаймалар қанға малынған", - дейді ол.
Жергілікті тұрғындар бұл жағдайдан қатты шошынып қалғандарын айтады. Тіпті, қоқыс төгуге жас балаларды енді жіберуге жүрексініп отырмыз дейді.
Айтуларынша, өлген адам бұл маңның тұрғыны емес. Олар қылмысты пәтерді жалға алғандар істеген болуы мүмкін деп ойлайды. Өйткені дәл осы төңіректе тәуліктік жалға берілетін үй көп.
Қазіргі кезде күдіктілерді іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Әйелдің неден және қалай қайтыс болғаны белгісіз. Дегенмен, адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Оқи отырыңыз: Шымкентте қоқыс контейнерінен әйелдің мәйіті табылды
Жаңалықтар
0