Білім

"Болашақ" президенттік бағдарламасына жаңа басшы келді

© Sputnik / Владислав ВодневӘнуар Жанғозин
Әнуар Жанғозин - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.01.2022
Жазылу
Әнуар Жанғозин – президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі
НҰР-СҰЛТАН, 24 қаңтар – Sputnik. Әнуар Жанғозин "Болашақ" Халықаралық бағдарламалар орталығының басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Жанғозин – президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Ол 1986 жылы дүниеге келген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін "Математика" мамандығы бойынша және "Назарбаев университетінің" магистратурасын "Білім беруді басқару" мамандығы бойынша тәмамдаған.
2008-2011 жылдары "Назарбаев Зияткерлік мектептері" әдістемелік процесс департаментінің менеджері, директордың орынбасары болып жұмыс істеді. 2011 жылдан 2016 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласында "Назарбаев Зияткерлік мектебінде" математика пәнінің мұғалімі, директор қызметін атқарған.
2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы болды.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.

"Болашақ" бағдарламасы қалай өзгереді

Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Болашақ" бағдарламасына қатысты күрделі өзгерістерді жария етті.
"Мен жалпы елдің білім беру саласын қайта құрғым келеді. Біз экономистерді, заңгерлерді, менеджерлер мен тағы басқаларын тым көп шығарамыз. Бізге қазір білімді техникалық бағытқа бұру қажет. Біз "Болашақ" бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, соның ішінде Ресейге жібереміз. Бәлкім, бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық оқу орындарына жіберетін шығармыз", - деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасымен тағылымдамадан өтуге болатын мамандықтар тізімі кеңейді
Президент қазақ жастары технарь болуға тиіс деп санайды. Ол үкіметке бұл мәселелерді егжей-тегжей пысықтауды тапсырды.
Айта кетері, "Болашақ" халықаралық стипендиясын 1993 жылдың 5 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағайындады. Бағдарламаның мақсаты – талантты жастарға шетелде сапалы білім алуға жәрдемдесу. Қазақстандық студенттердің алғашқы легі шетелдік жоғары оқу орындарына 1994 жылы жіберілді.
Жаңалықтар
0