Видео

Атырауда екі қолынан айырылған жас жігіт киберспортпен шұғылданып жүр – видео

Жазылу
Әділет Құрманғалиев жеті жыл бұрын жазатайым оқиғадан екі қолынан айырылғанына қарамастан, пара жүзуден жүлделі орындарға ие болып жүр, ол енді киберспорт жұлдызы болуды армандайды

Атыраудың он жеті жастағы тұрғыны тінтуір мен пернетақтаны аяғымен шебер пайдаланады. Бүгінде ол интернет-стример және табысты параспортшы. Жас жігіт өзінің бұл ұмтылысы өзге қазақстандықтарды да шабыттандыруы мүмкін екенін айтады.

"Мен адамдарды барды бағалай білуге ынталандырып, ешқашан берілуге болмайтынын көрсетіп, дәлелдеуге тырысатын адаммын", - дейді ол.

Сонымен қатар Әділет TikTok түсіреді.  

Әділет Құрманғалиев қолынан айырылып, осындай жағдайда өмір сүруді үйрену қиын болғанын жасырмады.

"Мен өмірдің мәнін интернеттен, ойындардан іздедім. Жалпы өте қиын болды. Басында телефонда тілмен ойнадым, кейін маған ноутбук әперді, аяқпен ойнауға тырыстым. Менің өмірім қызықсыз болды, бірдеңемен айналысқым келді", - деп еске алды Әділет.

Ол жасырын қалуға болатын интернетте өзін "толық адам" сезінгенін айтады.

Алайда Әдлет пара жүзуді меңгеріп, осы спорт түріне шындап қызығушылық танытты.

"Кейде жаттығуды ұзақ уақытқа, бір жылға тоқтатуға тура келді. Жалпы, жүзумен айналысқаныма бес жыл болды", - деді спортшы.

Ол 2019 жылы пара жүзуден жарыстарда жеңімпаз атанды, ал биыл екінші және үшінші орындарға ие болды.

Соған қарамастан, Әділет киберспортты басты хоббиі санайды.

"Менің арманым – болашақта киберспортшы болу. Бұл тұрғыда белгілі бір нәтижеге қол жеткізген аяқпен ойнайтын бірінші адам болғым келеді", - деп түйіндеді стример.

Жаңалықтар
0