Саясат

Тоқаев Түркия президентіне жеделхат жолдады

© Photo : АО "НК "Казахстан инжиниринг"Қазақстан және Түркия тулары
Қазақстан және Түркия тулары - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2021
Жазылу
Қасым-Жомарт Тоқаев Анадолы елінің арманын арқалаған саясаткер Режеп Тайип Ердоғанның еңбегі әрдайым жемісті болуына тілектестік білдірді

АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Түркияның ұлттық мейрамы – Республика күнімен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентіне жолдаған жеделхатында қазір Түркияның саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағытта орасан табыстарға қол жеткізгенін, өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі белсенділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болғанын атап өткен.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қуатты Анадолы елінің арманын арқалаған саясаткер Режеп Тайип Ердоғанның еңбегі әрдайым жемісті болуына тілектестік білдірді.

"Қазақстан мен Түркия арасында қалыптасқан дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген сан қырлы салалардағы стратегиялық әріптестігіміз болашақта өзінің жалғасын тауып, бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін қарқынды дами беретініне кәміл сенемін. Қымбатты бауырым, сізге сарқылмас күш-қуат, жауапты қызметіңізге толағай табыс, ал түрік ағайындарыма баянды өркендеу мен құт-береке тілеймін", - деп жазылған жеделхатта.

Сондай-ақ Қазақстан президенті екіжақты диалогты жалғастыру және серіктестікке тың серпін беру жолдарын талқылау үшін жақында өтетін Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастығы кеңесінің 8-саммитінде жүздесуді асыға күтетінін жеткізді.

Түркия – Азия мен Еуропа құрлықтарында орналасқан мемлекет. Жер көлемі бойынша 37-орында тұр. Халық саны 80 миллион адамнан асады. Республика өз тәуелсіздігін 1923 жылы алған.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0