Қоғам

Мемлекет басшысы Сұлтан Оразалиннің отбасына көңіл айтты

© Sputnik / Абзал КалиевАқорда
Ақорда - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
Сұлтан Шәріпұлы отандық телеарнада жемісті жұмыс істеп, ұлттық құндылықтардың қайта жаңғырып, көгілдір экранда насихатталуына мол үлес қосты

АЛМАТЫ, 23 тамыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі жазушы, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалиннің қазасына байланысты марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялады.

"Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ телевизиясының құрметті ардагері, халықаралық телевизия және радио академиясының академигі Сұлтан Оразалиннің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Сұлтан Шәріпұлы отандық телеарнада жемісті жұмыс істеп, ұлттық құндылықтардың қайта жаңғырып, көгілдір экранда насихатталуына мол үлес қосты. Саяси-әкімшілік қызметті де абыройлы атқарды. Авторлық құқық, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық саясат, терминология мен ономастика мәселелерін көтеріп, көкейкесті ойлары мен ұтымды бастамаларын қоғам назарына ұсынды. Қарымды қаламгер ретінде шығармашылық жолда да табысты еңбек етті. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", - деп жазылған президенттің жеделхатында.

Сондай-ақ президент өнегелі ғұмыр кешіп, соңына әдеби мол мұра қалдырған Сұлтан Шәріпұлының жарқын бейнесі ұмытылмайтынын айтты.

Оқи отырыңыз: "Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті

22 тамызда Сұлтан Оразалин 80 жасында өмірден өтті. Сұлтан Оразалин 1941 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында туған. Ол – Қазақстандағы көркем телевизияның негізін салушылардың бірі. Қазақ телевизиясының әдебидрамалық бағдарламалар бас редакциясын тұңғыш рет ұйымдастырып, 15 жылдан астам басқарды.

Олардың ішінде "Сұхбат", "Қымызхана", "Кездесу", "Шұғыла", "Айтыс", "Халық қазынасы" хабарлар циклы мен "Кек", "Отырар ойраны", "Өлім фабрикасы", "Қашқын" телеқойылымдары халыққа кеңінен танылды.

"Айтыс" хабарын тұңғыш рет ұйымдастырып, көп жылдық бағдарламасын жасады, алғашқы хабарды өзі жүргізді.

Жаңалықтар
0