Қоғам

Депутат қазақ тілі жайлы: отыз жылда 30 ауыз сөз үйренбесе, оған кім кінәлі

© Sputnik / Болат ШайхиновЗаседание сената парламента РК
Заседание сената парламента РК - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2021
Жазылу
Сенатор бюджет қаржысын тіл саласына көбірек бөлуге және оның тиімді жұмсалуын басты назарда ұстауға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым – Sputnik. Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы қазақ тілінің қазіргі жай-күйіне алаңдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатор биыл тіл комитеті мәдениет және спорт министрлігінен білім министрлігіне ауысқанын еске салды. Былтыр осы комитетке 719 миллион теңге бөлінсе, 2021 жылы қаржы көлемі 35%-ке азайған. Депутаттың пікірінше, бұл тіл мәселесінің өзектілігіне сай емес.

Осы ретте ол әлеуметтік зерттеулердің қорытындысын келтірді. Оған сәйкес,  қазақстандықтардың 53%-і ғана қазақша еркін сөйлеп, жаза алады.

"Ал енді қалғаны 30 жылда 30 ауыз сөз үйренбесе, тіпті ниеттенбесе, оған кім кінәлі? Ел президенті алдымен ниет болуы керек деді. Сондықтан қажеттілік туғызатын тетік керек. Қысқасы, кешіккен сайын салдары да жойқын бола бермек. Құнанбай заманындағы құнарлы тілден айрылудың алдындамыз. Енді Абайдың тілінен ада, Мұхтардың тілінен махұрым болмақпыз ба?! Бүгінгі шұбарлана бастаған дүбәра тіліміз қазақтығымызға сын екенін қашан түсінеміз?!  Депутат болған Айталы ағамыз айта-айта аялдады, шын жанашыр Шерхан ағамыз шырылдап шерменде боп өтті. "Бір кем дүниесін"  бір артық дүние жасайтын уақыт келмеді ме?! деген сауал сұранып-ақ тұр", - деді Алтынбек Нұхұлы сенат отырысында.

Депутат елдің әр азаматы қайда барса да алдынан қазақ тіліне деген қажеттілік шығуға тиіс деп санайды. Сонда ғана қазақ тілі еліміздегі қарым-қатынас тіліне айналады.

Оқи отырыңыз: Парламентте "Ана тілі туралы" заң қабылдау мәселесі көтерілді

"Ана тілін үйренбек түгілі жөргектегі балалардың тілі басқа тілде шыға бастады. Бұл – ұлт қауіпсіздігі үшін аса қауіпті. Ұлттық код - ұлттық болмыс, ұлттық құндылықтар, жалпы алғанда ұлттық мүдде ұлттық тілсіз ұлтсыздануға апарады", - деді халық қалаулысы.

Осыған байланысты сенатор бюджет қаржысын тіл саласына көбірек бөлуге және оның тиімді жұмсалуын басты назарда ұстауға шақырды.

Жаңалықтар
0