Қоғам

Қаржы министрі арнайы қордан берілетін өтемақы жайында мәлімет берді

© Sputnik / Абзал КалиевКупюры в руках
Купюры в руках  - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.06.2021
Жазылу
Бұл қордағы барлық қаражат жауапқа тартылған адамдарға салынған айыппұлдар мен төлемдерден жинақталады

НҰР-СҰЛТАН, 15 маусым - Sputnik. Қаржы министрі Ерлан Жамаубаев қылмыстардан зардап шеккен адамдарға өтемақы беру туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Иә, зардап шеккен адамдарға өтемақы беру қоры жұмыс істеп жатыр. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап төлемдер де жасалады. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткім келеді, қор заңды тұлға болып саналмайды, бұл – арнайы есепшот. Оған түсетін ақша зардап шеккендерге өтемақы ретінде беріледі", - деді Жамаубаев онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде.

Министрдің айтуынша, қорға бюджеттен қаржы бөлінбейді. Барлық қаражат жауапқа тартылған адамдарға салынған айыппұлдар мен төлемдерден жинақталады.

Оқи отырыңыз: Ұлттық қор: министр болашақ ұрпақтың ақшасы қаншаға өскенін айтты

Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстанда қылмыстардан зардап шеккен тұлғаларға бір реттік материалдық көмек көрсету үшін жәбірленушілерге өтемақы қоры құрылған болатын. Жәбірленушілер үш санат бойынша қарастырылады. Олар:

  • кәмелетке толмай жатып зорлық-зомбылық құрбаны болғандар;
  • адам саудасына түскендер;
  • денсаулығына ауыр зиян келгендер және иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар (ВИЧ/СПИД);

Сондай-ақ, жәбірленуші қайтыс болған жағдайда өтемақы оның туыстарына төленеді. Ал қордың толтырудың бірнеше қаржы көзі бар. Олар:

  • сотпен өндірілетін мәжбүрлі төлемдер;
  • процессуалды міндеттерді орындамағаны үшін сот шешімімен өндірілетін ақша;
  • түзеу жұмыстары бойынша түсімдер;
  • кері талап қою тәртібінде өндірілетін ақша;
  • ҚР заңнамасында тыйым салынбаған басқа қаржы көздері.

Қаржы министрлігінің есептеуінше, жылына аталған қорға шамамен бір миллиард теңге жиналады.

Жаңалықтар
0