Өңірлер

"Осы жерде өлеміз": түркістандық тұрғындар жергілікті шенеуніктер шешіміне қарсы шықты

© Sputnik / Дәурен ЕрболатЗират маңындағы үйлер
Зират маңындағы үйлер - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.05.2021
Жазылу
Аудандағы шенеуніктерге сенім жоқ деген тұрғындар мәселені түбегейлі тексеруді сұрап, облыс әкімі мен прокурорына баруды көздеп отыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 мамыр – Sputnik. Түркістан облысында тұрғындар қасиетті жер қоқыс алаңына айналатын болды деп дүрлікті. Тұрмыстық қалдық тасталатын 25 гектар аумақта жүзге тарта бұлақ пен өзен арнасы және ескі қорым жатыр. Оның үстіне жайылым тапшы ел ол жерге малын да бағып жүр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жұрт мұны айтып шулағанымен, жергілікті әкімдік қоқыс орнын бекітіп қойғанбыз деп полигон салуға арнайы техникасын жіберген.

Қазығұрт ауданында 11 жыл бұрын ашылған жалғыз қоқыс полигоны бар. Оны жаппақ болған шенеуніктер ауылдан бар-жоғы екі шақырым жерде тағы бір полигон салуды көздеген. Бірақ тұрғындардың жаппай қарсылығына тап болды. Себебі, қоқыс тастайтын жер үйлерге тым жақын әрі астында бұлақ сулары бар дейді тұрғындар.

"Мұнда жүзден астам бұлақ бар. Осы жерден жиналған судың бәрі төменгі елдімекендерге барады. 500 үйдің төрт түлігі осында жайылып жүр. Енді соның ортасынан полигон салғалы жатыр. Полигон салған жағдайда сол күл-қоқысты жеп қоректенеді, төмендегі улы суды ішеді. Улы суды ішкен сиыр сүтін немереміз, үлкен-кішіміз ішіп уланамыз. Бұл өзімізді қыру деген мәселе", – дейді аудан тұрғыны Асан Атанбеков.

Қоқыс полигоны салынса жерасты суы да ластануы мүмкін. Себебі: бұл жерде бес метр тереңнен су шығып жатыр.

Жанжалдан соң, жұмыс тоқтады

Сайдың қақ ортасынан қоқыс полигонын салуға кірісіп, жер қазып арнайы техниканы жұрт үлкен жанжалмен тоқтатып тастады. Себебі, жыл сайын көктемде бұл саймен сел жүреді екен. Егер қоқыс алаңы ашылса, селмен бірге қоқыс өзендерге құйылып, ары қарай ауылдарға тез жетеді. Қазығұрт ауданы экологиялық апаттың аз-ақ алдында тұр дейді тұрғындар.

Сорақысы сол, қоқыс алаңы салынатын аумақта ежелгі қоныстар мен көне қорымдар бар. Ел енді ата-баба сүйегін қалдықпен көмеміз бе деп қапалы.

"Тасәулие, Қален әулие деген әулиелер жатыр бұл жерде. Бұл ата-бабамыздың баяғыда қоныстанған жері. Енді жерді қоқыс алаңына бергенше, осы жерде өлеміз. Жер берілмейді", – дейді жергілікті тұрғын Мадияр Жолдыбаев.

Аудан шенеуніктері бұл жерге қоқыс полигоны салынады деген шешім 2014 жылы шыққанын айтады. Тіпті, тұрмыстық қалдық төгуге болмайтынын да біледі екен. Бірақ орнын ауыстырайық деп барғанда облыстық экология департаменті құжат жобасына 55 миллион теңге жұмсалып қойған деп кері қайтарған.

"Біз аудан әкімімен үш жерді аралап көріп, сол жерге рұқсат сұрап бардық. Дайын тұрған жоба. Осының шешімі мен мемлекеттік актісін ауыстырып істесек бола ма дегенімізде "жоқ" деген жауап алдық", – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Бақберген Құралбаев.

Ел дүрліккен соң полигон құрылысын әкімдік бірер күнге тоқтатуға мәжбүр болды. Енді бұл жобаны апта ішінде қоғамдық талқылауға салады. Бірақ "аудандағы шенеуніктерге сенім жоқ" деген тұрғындар мәселені түбегейлі тексеруді сұрап, облыс әкімі мен прокурорға баруды көздеп отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда зираттарға арналған санитарлық ережелер әзірленді

Жаңалықтар
0