АЛМАТЫ, 18 мамыр – Sputnik. Алматы облысы Текелі қаласында зейнеткер қалың түтіннің ортасында қалды. Қалалық полиция қызметкерлерінің ер адамды құтқарған сәті видеожетонға түсіп қалған, деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция жанып жатқан пәтерден есі кіресілі-шығасылы 65 жастағы ер адамды құтқарды. Куәгерлердің сөзінше, ер адамның пәтерін қалың түтін басып, күйік иісі подъезге жеткен.
Оқиға орнына полиция, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем барды. Патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына келген соң үй иесімен байланысқа түсе алмаған. Содан кейін екінші қабаттағы көрші балкон арқылы кірген.
Мас ер адамның кешкі ас пісіру үшін пешті қосып, өшіруді ұмытып кеткені анықталды. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция тұрғындарды адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін әрекеттерге сақтықпен қарауға шақырды.
