Видео

Бес қабатты бір-ақ үй: Төретамда адамдар қалай өмір сүреді – видео

Жазылу
Sputnik Қазақстан тілшісі жергілікті тұрғындардан ғаламшардың бірінші ғарыш айлағының маңында тұрудың қандай екенін білу үшін Төретамға арнайы барды

Төретам – ғарышқа ең жақын орналасқан қазақ қонысының атауы. Байқоңыр ғарыш айлағына арналған құрылыс материалдары мен жабдықтары дәл осы жерде өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында жеткізе бастаған болатын. Бүгінде Байқоңыр қаласы мен Төретам кентінің арасы бетон қабырғамен бөлінген.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Төретамда шешілмеген негізгі мәселенің бірі – ауыз су тапшылығы мен жолдың жөнделмеуі екен.

"Төретамға бірінші кезекте тазалық қажет екені бірден көзге түседі. Екіншіден, көшеде не болып жатқанына қараңызшы. Көше сыпыратын адам жоқ. Әркім өз үйінің жанында тазалық жүргізеді. Билік халықтың жағдайын жақсартуы керек. Қазір халықтың жағдайы мүшкіл. Менің қолымда төрт диплом болғанымен, бұл жерде жұмыс жоқ. Егер Байқоңырдан ресейліктер кетіп қалса, онда Құдай біледі, біз қысқартуға ұшырайтын шығармыз", – дейді тұрғындардың бірі Алмас Үкібаев.

Жергілікті тұрғындар өздерін экологиялық қолайсыз жерде тұрамыз деп санайтындықтан өтемақы сұрап отыр.

"Әрине, маңызды мәселе ол – Байқоңырдың әсері. Экологиялық проблемалар бар, гептилдің әсері бар. Балалар ауырады, менің ойымша, бұл гептилден. Төретамда болашақ жоқ. Бұл жерде жастарды ұстау қиын", – дейді Нұрбибі.

Төретам ауылында бір ғана көпқабатты тұрғын үй бар. Қараусыз қалған бұл ғимаратта ұзақ уақыттан бері ешкім тұрмағанға ұқсайды: есік-терезелері сынған, кіреберістер мен бөлмелер қоқысқа толған. Ал шатырынан жауын суы сорғалайды. Солай десек те, мұнда тұрғындар бар болып шықты. Олар өркениет атаулыдан мақұрым қалған: суды – тасып ішеді, дәретхана – аулада, үйді от жағып жылытады.

"Барар жеріміз болмағандықтан, осы жерге келдік. Мұның өзін кезінде арзанға сатып алдық. Ал адамдар өте аянышты күйде өмір сүруде", – дейді осында 11 жылдан бері тұрып жатқан тұрғын Гүлістан Оспанова.

Ал Төретам кентінің әкімі Жамбыл Жұмабаев Sputnik Қазақстан-ға берген сұхбатында ауылдағы мәселелер біртіндеп шешіліп жатқанын айтады.

"Биыл "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында 300-ге жуық үйді ауыз сумен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Мәселе 100 пайызға шешіледі деп айта аламын. Өйткені осы мақсатқа 150 миллион теңге беру жоспарланған. Қазір аудандық құрылыс бөлімі тендер өткізу бойынша жұмыс жүргізуде", – дейді ол.

Сонымен қатар, әкім биыл 20 көше жөнделетінін де атап өтті.

Төретамда кәсіпкерлік нысандарын есептемегенде 1 700-ге жуық үй бар. 2022 жылы үйлерді газбен қамтамасыз етуге бюджеттік өтінім беру жоспарланып отыр.

Ал Төретамдағы жалғыз ғана бес қабатты ғимарат 1986 жылы салынған.

"Бүгінгі күні 70 пәтерлік тұрғын үйдің бірнешеуінде ғана адамдар тұрады десек те, барлығының иесі бар. Үйге қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ оның жағдайын көріп отырсыз. Бұл жеке тұрғын үй болғандықтан, оған мемлекеттен қаржы бөлуге өтінім бере алмаймыз", – деді әкім.

Оқи отырыңыз: "Ешқашан ұмытылмайды": Олжас Сүлейменов Гагарин, ғарыш және Алматы туралы - видео

Жергілікті билік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайын екенін алға тартты.

"Қайтарымды қаржыландырудың тетігі бар. Ол үшін тұрғындардың 80-100%-і әкімдікке жүгінуі керек. Содан кейін біз қасбеті мен кіреберістерін және шатырын жөндеп бере аламыз", – дейді Жұмабаев.

Төретам тұрғындарының кейбірі мұнда болашақ жоқ деп санаса, енді бірі аты аңызға айналған ғарыш айлағы маңындағы өмір жақсарады деп үміттенеді.

Жаңалықтар
0