Өңірлер

"Ақшаны унитазға ағызып жіберген": Шымкентте жалдамалы пәтерге арнайы жасақ жіберілді

© Public DomainКазино, рулетка
Казино, рулетка - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ұстау кезінде пәтерде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған әйелден бөлек, ойын ойнаған 6-7 адам анықталған

НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Шымкент қаласында жалдамалы пәтерде ашылған заңсыз казино жұмысын бастамай жатып жабылды. Покердің алғашқы ойынын арнайы жасақтың сарбаздары тоқтатты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.

Заңсыз ойын бизнесін 31 жастағы жалғызбасты ана ұйымдастырған. Оның екі баласы бар. Базарда сатушы болып істейтін Өзбекстанның тумасы алдымен көпқабатты үйлердің бірінен екі бөлмелі пәтер жалдаған. Сосын ішіне покер үстелін орнатқызып, ойын карталары мен казино фишкілерін әкеліпті.

Алғашқы клиенттерін қабылдап жатқан кезде экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мен арнайы жасақтың сарбаздары сау ете қалған. Жедел топ казиноға кіргенде дилер болып істеген екі бойжеткен қорыққаннан үстел үстіндегі 300 мың теңгені әжетханаға ағызып жіберген.

"Ұстау кезінде пәтерде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған әйелден бөлек, ойын ойнаған 6-7 адам анықталған. Дилер қызметін атқарған екі бойжеткен де болды", – дейді Абай аудандық сотының судьясы Қанат Мылтықбаев.

Дилерлер мен ойынға құмар азаматтар жауапкершілікке тартылған жоқ. Ал пәтерді казиноға айналдырған келіншек айыппұлмен құтылды. Ол 505 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Жазаны тағайындау кезінде оның жалғызбасты ана және екі баланы тәрбиелеп отырғаны ескерілді.

Оқи отырыңыз: "Індет жұқтырған жезөкшелерді жасырған": Ақтауда полицейлердің сұмдығы әшкереленді

Айта кетейік, бұған дейін қаржы мониторингі комитеті Шымкент қаласында жалдамалы пәтерде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру әрекетіне қатысты ақпарат таратқан болатын.

Ресми мәліметке сәйкес, заңсыз казино 4-ші шағын ауданда ашылған. Абай аудандық сотының үкімімен қала тұрғыны Қылмыстық кодекстің 307-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 200 АЕК мөлшерде айыппұл салынды. Комитет мамандары ұстау операциясының видеосын да жариялаған.

Жаңалықтар
0