Өңірлер

"Сегіз жыл жүрдім": Орал тұрғыны дәрігерлердің қателігінен рактан емделген

© pixabay.comӘйнектің арғы жағындағы ер адамның сұлбасы, иллюстративті фото
Әйнектің арғы жағындағы ер адамның сұлбасы, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Батыс Қазақстан облысының тұрғындары өңірде білікті дәрігерлер тапшылығын айтып шағымдануда. Ал салаға жауапты ведомство мұндай мәселені түпкілікті шешуде дәрменсіздік танытып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 25 желтоқсан – Sputnik. Жергілікті билік уәдені үйіп-төгіп, жағдай жасауға тырысқанымен, дәрігерлер бәрібір ауылға баратын емес. Ал ем-дом іздеген оралдықтар болса Ресей асып жүр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі келтірген дерекке қарағанда биыл 4 мың оралдық көрші елге барып қайтыпты, деп хабарлайды Аstanatv.

Оралда білікті дәрігердің аздығынан, тиісті деңгейде ем-дом ала алмай жүргендер көбейген. Солардың бірі Нәсіп Байғалиев. Ол – қате қойылған диагноз кесірінен мүгедек болып қалған. Денсаулығын Ресейге барып зорға түзепті. Рентген түсірілімін ажырата алмаған оралдық дәрігерлерге Нәсіп Байғалиевтың өкпесі қара қазандай. Тіпті, соттасқанымен де нәтиже болмаған көрінеді.

"Олар саркома немесе онкологиялық дерт деп айтты. Самараға барып ем, ештеңе жоқ деді. Аяғым сынған, оны маған "сіңірің созылған" деген. Айналып келгенде асық жілігім сынған екен. Сегіз жыл жүрдім. Алматы мен Ақтөбе, Қызылордада болдым. 6 ай жатасың, 6 айдың ішінде жасап берем деді. Жасап берді де", – дейді қала тұрғыны Нәсіп Байғалиев.

Дәрігер тапшылығы батыстың бас ауруына айналғанын басқармадағылар да мойындайды. Бос орын өңірдегі емдеу мекемелерінің барлығында бар. "Баспана береміз", дегеннің өзінде мамандар ауылға баратын емес.

"Бүгінгі таңда облыс бойынша 245 дәрігер маман жетіспейді. Оның ішінде 84-і жалпы тәжірибе дәрігері, анестезиолог-ревматолог, акушер-гинекологтар тапшы", – дейді БҚО денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерді басқару қызметінің басшысы Ринат Хайруллин.

Ақ халаттылардың аздығынан оралдықтар ем-дом іздеп Ресей асып жүр. Шекарашылар келтірген дерекке қарағанда биылдың өзінде көрші елге 4 мың адам барып қайтыпты. Дені – бір балаға зар болғандар. Асқазаны ауырып жүйкесі жұқарғандар да, онкологиялық дертке шалдығып, аллергиясы асқынғандар да Ресейге барып жүр екен.

№5 қалалық емхананың директоры Тимур Әжіғалиев халық жыл сайын оқу бітіретін жүздеген түлек қайда кетеді деп жиі сұрайтынын айтады.

"Жастар жұмысқа шықса да, тұрмыс құрып, жүктілігіне байланысты 3 жылға декреттік демалысқа кетеді. Осындай жағдай жыл сайын қайталанып, маман тапшылығы шешілмей келеді", –  дейді ол.  

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер қателесіп сау аяғын кесіп тастаған зейнеткер көз жұмды

Жалпы, биыл өңірге 119 жас маман келген. Ал келер жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы болашақ дәрігерлерді жергілікті бюджет есебінен көбірек оқытуға күш салмақ. Сонымен қатар оларға арнап, үй мен жатақхана салуды да жоспарлапты. Бірақ бұл жоспардың қаншалықты өміршең болары әзірге беймәлім.

Жаңалықтар
0