НҰР-СҰЛТАН, 15 желтоқсан – Sputnik. Қазнет қолданушылары коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау міндетті болатыны туралы мәліметті талқылап жатыр. Stopfake.kz сайты бұл ақпараттың жалған екенін хабарлады.
Әлеуметтік желіде тараған мәтінде адамның келісімін алмай, коронавирусқа қарсы вакцинаның егілетіні жайында айтылады.
"Ал, керек болса, бізден келісім алмай, вакцина егейін деп жатыр! Себебі адамдардың басым бөлігі одан бас тартатынын біледі...Ояныңыз...Бұл мәселені Ашық талқылау үшін шығарып қойған", - делінген мәтінде.
Желі қолданушылары 2020 жылдың 24 қыркүйегіндегі "Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық егулер туралы" қаулыға өзгеріс енгізілетініне сүйеніп отыр.
Шын мәнінде, қаулыда бас тартуға болмайтын мәжбүрлі вакцинация туралы айтылмаған.
Бұдан бөлек, 2020 жылдың 7 шілдесіндегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте кез келген азаматтың емделуге және басқа да медициналық араласуға келісім беру немесе бас тарту құқығы сақталған. 16 жастағы және одан асқан балалардың профилактикалық және консультациялық-диагностикалық көмек алудан бас тарту мүмкіндігі бар.