АЛМАТЫ, 18 тамыз — Sputnik. Қазақстандық әскери дәрігерлер Ливанда зардап шеккендерге Бейрут, Боуар, Машгар және Сайда қалаларында медициналық көмек көрсетіп жатыр. Бұл жайында Sputnik Қазақстанға Қазақстанның қорғаныс министрлігі хабарлады.
"Алғашқы жұмыс күнінен бастап Қазақстанның әскери дәрігерлері жүздеген Ливан азаматына медициналық көмек көрсетті. Олар Ливан дәрігерлерімен бірге әскери госпиталь мен муниципалдық ауруханалардың базасында жұмыс істеп жатыр", - делінген ақпаратта.
Науқастардың арасында аммиак селитрасының детонациясы нәтижесінде жарылыс толқыны әсер ететін аймақта болғандар бар.
Қазақстандық дәрігерлер хирург, травматолог және терапевтің көмегі қажет науқастарды емдеуге жұмылдырылды.
"Біздің дәрігерлер реанимация және анестезиология бөлімшелерінің жұмысына, эндопротездеу сияқты жоғары технологиялық қызметтерді қоса алғанда, операция жүргізуге белсенді қатысып жатыр", - деді қорғаныс министрлігі.
Сонымен қатар қазақстандық әскери дәрігерлер амбулаториялық ем алатын науқастарға көмек көрсету және қабылдау бойынша медициналық пункттің жұмысын ұйымдастырды. Барлық жұмыс елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, қатаң санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған.

"Мен Ливанның оңтүстігіндегі Бейрутта тұрамын. Осы қиын-қыстау кезеңде Қазақстан басшылығына және әскери дәрігерлерге менің халқыма және балаларыма көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Ливанға қош келдіңіз! ",- деді науқастардың бірі Фади Эхри.
Айта кетейік, қазір Ливанда арнайы мақсаттағы қазақстандық әскери-медициналық жасақ жұмыс істеп жатыр.
4 тамызда Ливан астанасында әскери-теңіз күштерінің базасына жақын орналасқан Бейрут портының маңында қуатты жарылыс болып, 170-ден астам адам қаза болды. Жарылысқа 2014 жылы кеден қызметтері тәркілеп, қоймада сақталған 2 750 тонна аммиак селитрасы себеп болды. Ливан астанасы апат аймағы деп танылып, қалада 18 қыркүйекке дейін төтенше жағдай енгізілді.