АСТАНА, 18 қар — Sputnik. Шымкентте есірткі сатумен айналысқан мылқау адамды сот мүлкін тәркілеумен 10 жылға бас бостандығынан айыруға соттады.
Сот тергеуін жүргізу барысында сотталушы жауабын бірнеше рет өзгертті, деп жазады облыстық "Otyrar.kz" басылымы. 43 жастағы сотталушы соңғы сөзінде, III топтағы мүгедектігі бар мылқау, сурдоаудармашы арқылы есірткіні сақтау мен сату қылмыс екенін білмедім деді. Айта кететін жәйт, сотталушының мүгедектігіне байланысты қылмыстық сот тәжірибесінде, іс алғаш рет сурдоаудармашының қатысуымен өтті.
Мемлекеттік айыптау прокуроры, Исабек Сағынаевтың бұрын соңды есірткі пайдаланғаны үшін сот алдында жауап беріп, 90 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылғаны атап өтті. Осылайша оның қайталанған қылмысында рецидив дерегі бар.
"Сот мүлкін тәркілеумен оған он жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды үкім етті", — деп оқыды үкімді төрағалық етуші судья Жәнібек Сейтжаппаров.