АСТАНА, 3 қар — Sputnik. Футболдан Қазақстан чемпионы – елордалық "Астана" клубының бас бапкері Станимир Стойлов сәрсенбі күні Еуропа Лигасының топтық кезеңінде "Олимпиакос" командасына қарсы өтетін матч қарсаңында ойынға шығуға қауқарлы, денсаулығында мін жоқ небәрі он футболшысының барын мәлімдеген болатын.
"Астана" мен "Олимпиакос" арасында өтетін Еуропа Лигасы матчы 3 қараша бейсенбі күні Астана қаласында болады. Турнир кестесінде Грек клубы алты ұпаймен екінші келе жатыр, ал "Астана" В тобында бір ғана ұпаймен соңғы орында тұр. Бұл ойында жеңіліс тапса, тіпті теңбе-тең түссе де қазақстандық клуб плей-оффқа өту мүмкіндігінен айырылады.
Бұл матч қарсаңында "Астана" бапкері команда ойыншыларының денсаулығы сыр беріп тұрғандығын мойындады.
"Өкінішке орай, жыл соңында жарақат алған ойыншыларымыз көп болып тұр. Шитов ойынға дайын, бірақ шамасы келе ме? Дәрігер Нөсербаевтың да жағдайы мәз емес екендігін айтты. Марин Аничич те жарақат алған, матчқа қатыса алмайды. Командамызда ойынға шығуға толықтай әзір он-ақ жігіт бар", — деді Стойлов матч алдындағы баспасөз конференциясында.