АСТАНА, 3 қар — Sputnik. Аты әлемге әйгілі цирк әртісі Олег Попов сәрсенбі күні кешке Ростов-на-Дону қаласында қайтыс болды деп хабарлайды РИА Новости.
"Ростовта Олег Попов дүние салды, ол қалаға гастролдік сапармен келген еді", — деді Вернадский даңғылындағы Мәскеу үлкен циркінің директоры Эдгард Запашный РИА Новости агенттігіне.
"Жүрегі тоқтап қалыпты, "ауырып тұрмын" деп айтпаған еді, теледидар көріп отырған болатын. Жедел жәрдем шақырттық, жедел жәрдем ол кісінің көз жұмғанын мәлімдеді", — деді Ростов циркінің директоры Дмитрий Резниченко РИА Новости агенттігіне.
Оның айтуынша, марқұмның сүйегі қайда жіберілетінін туған-туыстары шешуі тиіс.
Ростов қаласында гастролдік сапармен жүрген аты аңызға айналған клоун жоспарланған 15 қойылымның екеуін ғана орындап үлгерді дейді Резниченко.
"Барлық жоспарланған қойылымдар орындалады, 50 адамнан тұратын труппа Олег Поповты еске алу ретінде өткізілетін қойылымдарда өнер көрсетеді. Олар 20 қарашаға дейін жалғасады", — деді ол.
